Елбасы Түркістан қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты

670

Нұрсұлтан Назарбаевқа "Керуен-сарай" кешені таныстырылып, "Әзірет Сұлтан" қорық-мұражайы аумағындағы археологиялық зерттеулердің нәтижелері туралы мәлімет берілді.  

Елбасы Түркістан қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты

Сондай-ақ Елбасына осы жылдың тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаттамалық тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асып жатқан басқа да жобалар туралы баяндалды, деп хабарлайды elbasy.kz сайты.

Елбасы туристік және қала инфрақұрылымы құрылысының жоғары қарқынын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Түркістанды қайта түлету туралы қабылдаған шешімге Қазақстан халқы қолдау білдіргенін айтты.

"Бүгін біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар бүкіл Қазақстан мен әлемнен турист тартатын, тұрғындардың назарын аударатын көрнекті орынға айналады. Түркістанның ауқымды құрылысы тұтас өңірдің экономикалық дамуына зор септігін тигізіп отыр", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қаланың орналасқан жері, оның түркі әлемінің маңызды рухани орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесі болашақта Орталық Азия елдерінің интеграциясына қызмет ететін алаңға айналатынын атап өтті.

"Түркістанда түркітілдес елдердің Саммитін өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Әлемдегі күрделі ахуалға байланысты ол кейінге шегерілді. Егер бәрі ойдағыдай болса, оны Наурыз мерекесіне қарай өткіземіз деп ойлаймын", – деді Елбасы.

Сондай-ақ шара барысында туристік инфрақұрылымның құрылысы мен көлік-логистикалық жобаларды іске асыруды жалғастырудың қажеттілігі атап өтілді.

Елбасы Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасаудың маңыздылығына да тоқталды.

"Қала өсіп, халқының саны да арта түсетініне сенімдімін. Мұнда түрлі форумдар, жастар жиындарын және спорттық шаралар өткізіп тұру қажет. Осылайша, біз қаланы көпшілікке таныстырып, көрсетуіміз керек. Түркістанды қайта түлетудің біздің халқымыз үшін маңызы зор", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қала мен өңірдің одан әрі өсіп-өркендейтініне сенім білдірді.

Соңында Елбасы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, "Қазақстанның рухани астанасының" жаңа "Визит-орталығында" орналасқан музейді аралады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу