Елбасы Ұлттық банк қызметінің қорытындысы жөнінде кеңес өткізді

559

Елбасы Ұлттық банк қызметінің қорытындысы жөнінде кеңес өткізді

Кездесу барысында мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2016 жылғы қызметінің қорытындысы жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспар таныстырылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Сондай-ақ кеңеске президенттің әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ә.Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Ұлттық банк пен еліміздің қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауда Үкімет пен Ұлттық банктің алдына әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде міндет қойылды. Ол үшін Оңтүстік Корея сияқты әлемнің бірқатар елінің табысты тәжірибесіне сүйену қажет. Бірақ инфляцияны кезең-кезеңімен төмендету 3-4% деңгейінде болуы тиіс", – дейді президент.

Елбасы қаржы секторындағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған, үнемі кездесетін қатерлерге назар аударып, ұлттық экономиканы дамытудың қазіргі қарқыны жеткізіліксіз екенін айтты.

"Бұл мәселені шешу үшін макроэкономикалық тұрақтылыққа, банк секторын сауықтыруға және қор нарығын дамытуға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Қойылған міндеттерді іске асыруда Ұлттық банк басты рөл атқарады", – дейді мемлекет басшысы.

Данияр Ақышевтің мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысында инфляция 13,6%-дан 8,5%-ға төмендеген. Биыл наурызда бұл көрсеткіш 7,7% болды.

"2017 жылдың соңында инфляция деңгейі 7%-ға жетіп, 2018 жылы одан әрі төмендейді деп жоспарланып отыр. Инфляция қарқыны бәсеңдеп келеді. Айырбас бағамы аз ғана ауытқыды. Бұл ретте ол толығымен негізгі факторларға тәуелді. Ұлттық банк былтырғы қыркүйектен бастап интервенция жүргізілмегенін айтып өткен жөн", – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа 14 млрд АҚШ доллары көлемінде рекордтық мөлшердегі шетел инвестициясы келгені және еліміздің сыртқы қарызы азайғаны мәлімделді.

Данияр Ақышев Қазақстан Президентіне Ұлттық банк пен Ұлттық қор резервтерінің ахуалы, монетарлық саясаттың іске асырылу барысы, валюта нарығының жағдайы, банк секторы мен қор нарығының дамуы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі, банк көрсететін қызметтердің цифрландырылуы, сондай-ақ осы саладағы жаңа сын-қатерлер туралы баяндады.

"Еліміздің банк секторын сауықтыру жөнінде шаралар қабылдауды тездету керек. Қажет болған жағдайда, акционерлер өз банктерін нақты ақша арқылы қайта капиталдандыруға тиіс. Сондай-ақ олар әлсіз банктерді біріктіруге бейімделуі тиіс", – дейді елбасы.

Мемлекет басшысы ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселесіне ерекше тоқталып, азаматтардың қаржылық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын айтты.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Данияр Ақышев ұсынған есепті мақұлдап, бірқатар нақты тапсырма берді.

"Үкімет пен Ұлттық банкке бұған дейін жүктелген міндеттерді шешу жөнінде келісілген іс-қимыл әзірлеу тапсырылады. Отандық және халықаралық деңгейдегі былтырғы тәжірибені ескеріп, айырбас бағамының өзгеруінің түрлі жағдайында іс-қимылдың нақты алгоритмі пысықталсын. Экономиканы ұзақ мерзімге несиелеуді арттыру мақсатымен шұғыл депозиттерді көбейту шаралары әзірленсін. Қор нарығын дамыту жөніндегі жұмысты жандандырып, валюталық және ипотекалық қарыз алушылардың проблемасын шешу жөнінде ұсыныс енгізілсін, – дейді президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу