Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, олимпиадалық қозғалыстың қазіргі әлемдегі ерекше рөлін атап өтті.
"Біз халықаралық олимпиадалық қозғалысқа қосылдық. Ол тәуелсіз жаңа Қазақстанды құру ісінің маңызды бір бөлігі болып саналады. Себебі, олимпиадалық қозғалыс дегеніміз спортпен ғана шектелмейді ғой. Бұл – ашықтық, бірлік, өзара құрмет құндылықтарына, тән мен жанның жетілуіне негізделген өмір философиясы. Олимпиада моделі бойынша универсиадалар, құрлық ойындары мен басқа да жарыстар өткізіліп тұрады. Олимпиада жеңімпаздарының үлгісі бүкіл әлемдегі миллиондаған баланы спортпен шұғылдануға жігерлендіреді", – дейді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Елбасы елімізде халықаралық спорт шараларын дайындау және өткізу тиісті деңгейде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.
"Қазақстан әлемдік олимпиада қауымдастығының лайықты мүшесіне айналды. Біз спорттың дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Кейінгі 25 жылда туымыз барлық олимпиадада желбіреп, спортшыларымыздың жеңісінің құрметіне әнұранымыз асқақтады. Таяуда ұлттық құрамамыз Алматыда өткен Қысқы универсиадада өз деңгейінің биік екенін даусыз дәлелдеді", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік спорт аренасында өз орнын бұдан әрі бекемдей түсетініне сенім білдіріп, спортшыларымызға жаңа жетістіктер мен жеңістер тіледі.
Соңында Елбасы іс-шараның құрметті қонағы – Ұлттық олимпиада комитеттері қауымдастығының президенті Ахмад әл-Фахад ас-Сабахты спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапаттады.