ЭКСПО көрмесі қарсаңында Астанада жаңа темір жол вокзалы пайдалануға берілді. Құрылысы 2012 жылы басталған кешеннің жалпы аумағы 126 мың шаршы метр. Заманауи инфрақұрылым нысанын Елбасы арнайы аралап шықты. Жоба құрылысына 2 мың жұмысшы тартылса, жаңа вокзалда халыққа қызмет көрсету үшін 1800 жұмыс орны ашылады. Оң жағалаудағы вокзал бұған дейін 12 мың жолаушыны қабылдаса, жаңа "Нұрлы жол" теміржол вокзалы тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. 5 қабаттан тұратын кешеннің аумағында 740 көлік сиятын жабық автотұрақ бар. Төртінші қабатта күту залы, сауда дүңгіршектері мен кассалар орналасқан. Бесінші қабатта тамақтану орындары мен қонақүйлер бар. Сондай-ақ вокзалдың төменгі қабатында 2 жарым шақырымдық эстакада жұмыс істейді. Айта кетейік 1-ші маусымнан бастап жаңа темір вокзалынан алғашқы пойыздар жүре бастайды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астана Халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралап көрді. Терминал ішінде жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 42 кабина орнатылған. Заманауи тексеру құрылғысының арқасында қол жүктердің 1 200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Ескі ғимараттан ішкі рейстер ұшырылса, жаңа терминал xалықаралық рейстерге қызмет көрсетеді.