Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

1124

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды elbasy.kz сайты.  

Елбасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Жиында Еуразия экономикалық одағы қызметінің өзекті мәселелері, 2021 жылдағы ынтымақтастық қорытындылары, сондай-ақ Одаққа мүше елдердің алдағы кезеңдегі өзара экономикалық ықпалдастығын дамыту жоспары талқыланды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы өз сөзінде пандемия мен дағдарыстарды еңсеру, еш шектеулерсіз ортақ ішкі нарық қағидаттарын сақтау, сондай-ақ қазіргі заманға сай дамудың жаңа бағыттарын айқындау үшін бірлескен шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Елбасы Еуразия экономикалық одағы аумағында импортты алмастыратын бағдарламалар әзірлеу мүмкіндігін айтып, бұл қадам интеграциялық бірлестікке мүше елдердің азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететініне назар аударды.

"Бүгінде Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің экономикалық белсенділігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет. Жаһандық сенім дағдарысы мен геосаяси шиеленіс жағдайында Одақты сақтап қалудың және нығайтудың маңызы зор. Ол жаңа қатысушыларға ашық әрі басқа интеграциялық бірлестіктермен ынтымақтастыққа дайын. Тек барлық тараптың үйлесімді күш-жігері біздің экономикаларымыздың өсімін қалпына келтірудің кілті болып саналады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына төрағалығын қорытындылай келе, Өзбекстанға байқаушы мемлекет мәртебесі берілгенін және Еуразиялық экономикалық комиссия мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын құптайтынын атап өтті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасын Еуразия экономикалық одағына байқаушы мемлекет ретінде шақыру мүмкіндігі туралы айтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразия экономикалық одағының Еуропалық одақпен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсу үшін "Үлкен Еуразия" төртжақты экономикалық форумын құруды ұсынды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу