Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға 1,288 триллион теңге қарастырылады

837

Министрдің айтуынша, елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке қажетті өзгерістер енгізілген.

Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға 1,288 триллион теңге қарастырылады

Бүгін ҚР үкіметінің баспасөз орталығында қаржы министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты халыққа Жолдауын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету жөнінде баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Министрдің айтуынша, елбасы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке қажетті өзгерістер енгізілген.

"Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін үкімет тарапынан үш жылдық мерзімге 1,288 трлн теңге қарастырылады. Осы мерзім аралығында республикалық бюджеттен 966,1 млрд теңге бөлінетін болады", — деді Ә. Смайылов.

Бұл қаражат ең төменгі жалақы мөлшерін, өңдеуші өнеркәсіп пен экспортты, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй несиесінің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, білім беру мекемелерінің құрылысы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Қаржы министрі ең төменгі жалақыны арттыру үшін үш жылда 288,9 млрд теңге немесе жыл сайын 96,3 млрд теңге қарастырылып отырғанын жеткізді. Оның ішінде 85,8 млрд теңге — 275 мың азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеруге, 10,4 млрд теңгесі салық шегерімінің ұлғаюы есебінен өңірлердің кіріс бөлігінің шығындарын өтеуге бағытталмақ.

"Мемлекет жалақының ең төменгі мөлшерін екі есеге арттырмақ. Бұл тек бюджеттік ұйымдар үшін ғана емес, барлық экономика үшін, барлық сала мен жекеменшік және мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындарға қатысты болады. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы республикалық бюджет қаражаты есебінен артатыны анық. Ал, жеке кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы жеке кәсіпорын жалақысы қоры арқылы көбейеді", — деді Смайылов.

ҚР ҚМ деректеріне сәйкес, қосымша шаралардың қабылдануын ескергенде, еліміз бойынша орташа еңбекақы 2019 жылы 9,1%-ға өсіп, халықтың нақты табысының өсімі 4,6% құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу