Елбасымен түскен суреттер байқауының жеңімпазы анықталды

1511

Елбасымен түскен суреттер байқауының жеңімпазы анықталды

Астанада “Елбасы және мен” атты фотоконкурстың қорытындысы шығарылды. Әлеуметтік желілердегі дауыс беру қорытындысы бойынша үздік фотосуреттің иесі деп Бауыржан Исабаев танылды. Байқаудың бас жүлдесі – IPhone X. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бауыржан Алматыда тұратындықтан марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Марапат оның әпкесі Гүлмира Исабаеваға табысталды. Ол байқауда жеңіп шыққан фотосуреттің тарихы туралы айтты.

Сурет 2006 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен Алматы облысының Қарасай ауданындағы Наурызбай батыр ескерткішінің ашылуында түсірілген. Біздің баламыз Президентті көріп: “Ата!” – деп айқайлады. Мемлекет басшысы оған жақындап, батасын берді. Бұл – біздің отбасымыз үшін тарихи күн. Қазір інім өте табысты, отбасының мақтанышы, оқуда үздік әрі спортпен шұғылданады. Біз оған үлкен үміт артамыз, – дейді Гүлмира Исабаева.

Қоғамдық даму министрлігі жастар саясаты департаменті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов байқаудың осынша танымал болатынын күтпегенін айтты.

Екі апта ішінде әлеуметтік желілерде 500-ден астам фотосуретжарияланды. Бүгінгі галереяға мемлекет басшысымен түскен үздік 50 фотосурет қойылған. Жеңімпаздар әлеуметтік желілер арқылы таңдалды, – деді Асхат Оралов.

Конкурстың қорытындысы бойынша Азамат Бекберген мен Асхат Налшыбек екінші, Айгүл Бөкетова, Ғазиз Құлынтай және Ақылбек Данабек үшінші жүлдені өзара бөлісті. Қазылар алқасы таңдаған ең таңдаулы фотосуреттер Mega Silk Way сауда ойын-сауық орталығында, Тұңғыш Президент кітапханасында және “Хан шатыры” сауда орталығындағы көрмеге қойылады. Әлеуметтік желілерде #Elbasyjanemen хештегімен 500-ден астам пост жарияланса, байқауға жүзден астам адам қатысты.

Байқауды ҚР қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы ісі жөніндегі комитеті Астана қоғамдық даму істері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу