Елбасына латын қарпіндегі әліпбидің жобасы таныстырылды

1082

Елбасына латын қарпіндегі әліпбидің жобасы таныстырылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Отырыс барысында мемлекет басшысына латын әріптері түріндегі қазақ әліпбиінің қоғамдық талқылау кезіндегі ұсыныстарды ескере отырып әзірленген бірыңғай стандартты жобасы таныстырылды.

Қазақстан президенті мемлекеттік тілдің реформасы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасындағы маңызды сұрақтардың бірі екенін атап өтті.

"Осы күндері қазақ тілінің жаңа алфавитіне қатысты сауал көптің талқысына түсіп жатыр. Көптеген адамдар осы жұмысқа араласты. Латын әліпбиіне көшу туралы идея сонау тәуелсіздік алған жылдары туған еді. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жұмыс менің ерекше бақылауымда болатын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу процесінің тарихи маңызға ие екендігін жеткізіп, бұл мәселе бойынша үйлесімді шешімге келу керектігін мәлім етті.

"Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін барша халқымен ортақ талқыға салған емес. Бізге әрбір адамның ойын білу маңызды. Латын әліпбиіне көшу турасында президент әкімшілігіне 300-ден астам ұсыныс келіп түсті. Жастардың бұл процесті қолдағаны қуантады", - дейді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қоғамдық бірлестіктер мен ғылыми орта, тұтас қоғамның жаңа алфавитті талқылауға белсенді түрде араласқанына назар аударды. Кездесу барысында атқарылған жұмыстар туралы мемлекет басшысына А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек пен Шайсұлтан Шаяxметов атындағы тілдерді дамыту республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов баяндады. Олардың баяндамаларын тыңдаған мемлекет басшысы ерекше маңыз беретін тұстарды ұмытпауды тапсырды.

"Жалпы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарымен келісемін. Жобаны жүзеге асыру барысында әлемдік тәжірибе есепке алынды. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ алфавитінің латын әліпбиіне көшіру туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жалғастырған абзал", - деді мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу