Елбасына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп жатыр

621

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет мемлекеттер көшбасшыларынан Елорда күні мен Елбасының туған күніне орай мерекелік хаттар келіп түсуде, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Елбасының ресми айтына сілтеме жасап.  

Елбасына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп жатыр

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет мемлекеттер көшбасшыларынан Елорда күні мен Елбасының туған күніне орай мерекелік хаттар келіп түсуде.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз жеделхатында Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық-саяси дамуда қол жеткізген толағай табыстары Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

"Елдеріміз арасында одақтастық қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға және нығайтуға қосқан Сіздің үлесіңіз зор. Осы қарым-қатынас, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы сындарлы іс-әрекет алдағы уақытта да Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының мүддесіне және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге  қызмет ете беретініне сенімім мол",– делінген В.Путиннің жеделхатында.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту мен дамытудағы жетістіктерді ерекше атап өтті.

"Сізді әрдайым Қытай елінің жақын досы деп білеміз. Мен Сіздің Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да біздің мемлекеттеріміздің арасындағы достықты нығайтуға көңіл бөліп, қолдау көрсетеді деп сенемін", – деп жазды Си Цзиньпин.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың өзбек және қазақ халықтарының арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесін айрықша атап көрсетті.

"Біз Сізді көпұлтты Қазақстан халқының ұлы көшбасшысы, көрнекті мемлекет қайраткері, сондай-ақ біздің өңір мен дүние жүзі бойынша құрметке ие сұңғыла саясаткер деп білеміз. Сіздің жемісті қызметіңіз бен ішкі және сыртқы саясаттағы даналығыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы халықаралық аренадан лайықты орын алды", – делінген Өзбекстан Республикасы Президентінің жеделхатында.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон өз хатында Елбасының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен өркендеуі жолындағы рөліне тоқталды.

"Сіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ретінде ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті қызметіңіздің арқасында үлкен абыройға және баршаның құрметіне бөлендіңіз. Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамудағы, елдің халықаралық беделін нығайтудағы орасан зор жетістіктері Сіздің есіміңізбен тығыз байланысты", – делінген Э.Рахмонның жеделхатында.

Украина Президенті Владимир Зеленский Қазақстанның Тұңғыш Президентіне мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр, еліміздің  өркендеуі жолындағы қызметіне жаңа табыстар тіледі.

"Сіздің мемлекет құрудағы бірегей тәжірибеңіз бен өмірлік даналығыңыз – достас Қазақстан халқының мүддесіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Өзіңіздің күш-жігеріңіздің арқасында Украина мен Қазақстан арасында орнаған ынтымақтастық қатынастардың берік іргетасы алдағы уақытта да екі елдің мүддесіне сай өзара тиімді әріптестік байланыстарды тереңдетуге қызмет ететініне сенімдімін", – деп жазды В.Зеленский.

Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин өз жеделхатында жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді.

"2019 жылы Қазақстанға барған сапарымның аясында өткен кездесуімізде мен Сіздің көпжылдық тәжірибеңіз бен даналығыңызға тәнті болдым. Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанның зор табысқа қол жеткізуінде Сіз шешуші рөл атқардыңыз. Өзіңіздің көшбасшылық қасиеттеріңіздің арқасында Сіз мемлекеттің әрі қарай дамуының берік іргетасын қаладыңыз", – делінген жеделхатта. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу