Елбасының идеялары мен бастамалары туралы кітаптардың тұсаукесері өтті

1717

Тұсаукесер рәсімін іс-шараның модераторы Елбасы кітапханасының директоры, с.ғ.д., профессор Әмірхан Рахымжанов ашты.  

Елбасының идеялары мен бастамалары туралы кітаптардың тұсаукесері өтті

Бүгін  Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларына арналған  кітаптардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі.

"Тарихи мазмұндық тұрғыдан құнды болып табылатын бұл кітаптардың барлығы да бір арнаға тоғысады. Бұл кітаптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, көпұлтты Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен елдің рухани гүлденуі, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы державаларымен әріптестік пен ынтымақтастық орнату және бейбіт ғалам жолындағы көпқырлы саяси қызметінің аса бай тәжірибесін көрсетуге арналған. Бұл басылымдардың барлығы Тұңғыш Президенттің серіктесі, Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтың идеясы және жетекшілігімен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені" ғылыми бағдарламасы аясында дайындалды", – деп атап өтті құттықтау сөзінде Әмірхан Мұратбекұлы.

Сөз кезегін алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының докторы Қуаныш Сұлтанов "Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы" атты екі бөлімнен тұратын құнды кітап туралы толғанды.  Бұл еңбек Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мемлекетінің тізгінін ұстап, Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан бастап, 30 жыл ішінде ел іргесін бекемдеп, Қазақстанның экономикалық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, егеменді елімізді төрткүл дүниеге танытып, әлем қауымдастығына мойындатудағы тарихи рөлін кеңінен баяндайтын мағынасы терең әрі маңызды дүние.

"Жас ұрпақтың алдыңғы ұрпақтың көрген қиындығын басынан өткізуі  міндетті емес. Біздердің,  аға ұрпақтың  Кеңес Одағы құрамында Мәскеуге бағынышты болған кезеңін ендігі ұрпақ көрмесін. Жас ұрпақ тек бостандықта өмір сүрсін. Жастарымыздың мемлекетшіл болып өсуі, мемлекетімізді қорғау мен сақтау, ұлттық қауіпсіздіктің мағынасын түсінуі – мемлекеттің тұлғасына байланысты. Бүгін оқырмандарына жол тартқалы отырған кітаптардағы деректер тәуелсіздіктің қасиеттілігін көрсетіп, оның бағасы мен қадірін білдіреді. Бұл жинақтарда жазылған барлық шығармаларда Елбасының естеліктері мен естелік сөздері мемлекетшілдіктің қасиетін жоғары көтереді. Сондықтан, бүгін біздің рухани өмірімізде үлкен жаңалық болды деп есептеймін. Осындай шығармаларды кеңінен насихаттау – баршамыздың міндетіміз. Бұл – рухани қорымызға қосылып жатқан зор дүние".  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу