5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздік барысында наразылық білдірушілер Елбасы ескерткішін қиратты. Мүсін құлаған кезде бірнеше бөлікке бөлінді. Қаланың орталық алаңында Назарбаев ескерткіші шамамен бес жыл тұрғаны белгілі, ол 2016 жылдың қараша айында орнатылды. Әзірге жергілікті билік оны қалпына келтіруді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
"Қазір Талдықорғанда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігінің қираған ғимараты қалпына келтірілуде. Қалалық және облыстық полицияның әкімшілік ғимараттарына, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен басқа да мемлекеттік объектілерге жөндеу жүргізілуде. Тұңғыш Президенттің қираған ескерткіші жөніндегі шешімге келетін болсақ, бұл мәселеге кейінірек ораламыз. Бұл тақырыпты қаладағы барлық нысандар қалпына келтірілгеннен кейін ғана талқылаймыз", – деді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева.