Ауыл шаруашылығы жерлері саудаға түсетін конкурстың жеңімпаздарын енді жер комиссиясы емес, цифрлық жүйе анықтайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Цифрлық жүйеде жердің құнары, жарамдылығы және өзге де деректер көрсетіледі. 10 мың гектардан астам жері бар агроқұрылым иелері өз жұмысшыларын жыл бойы жұмыспен қамтуға тиіс. Жері кеңейген шаруаның өндіріс мүмкіндігі де артады.
Мемлекет 10 мың гектардан астам жері бар шаруаларға, қарамағындағы еңбеккерлерді жыл бойы еңбекпен қамтуға міндеттеді. Талап орындалмаса, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін.
– Ауыл шаруашылығы жерлерін иемденіп қана отыру емес, оны ұтымды пайдалану, сонымен қатар халықты жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету қажет деген тапсырма берілген болатын. Осы тапсырма аясында министрлік пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар шаруашылықтар анықталды. Сол шаруашылықтармен тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде, – деп мәлімдеді ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы Дархан Сұлтанбеков.