Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті. Кездесуде тараптар халықаралық қаржы ұйымының қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалардың іске асырылу барысын және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, Ислам даму банкімен бірлесіп іске асырылып жатқан "Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту" жобасының алғашқы кезеңінің жүзеге асырылу барысы қаралды. Бүгінде барлық ұйымдастыру жұмысы толық аяқталып, халықаралық консультанттар айқындалды. Сонымен қатар ирригация каналдарын реконструкциялауға бағытталған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер ұйымдарды іріктеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Жалпы Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында 4 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 7 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырым ирригация каналдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 151 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
"Министрлік пен Ислам даму банкі арасындағы тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың арқасында қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстарды атқара алдық. Мемлекет басшысы мен Үкімет жүктеген барлық міндетті бірлескен күш-жігердің арқасында толық жүзеге асырамыз деп сенемін", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалары Ислам даму банкінің өзге серіктес елдері үшін де үлгі бола алатынын атап өтті.