Елде энергия тұтынуға бақылау күшейеді

187

Сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру тетіктері жетілдірілмек.

Елде энергия тұтынуға бақылау күшейеді Фото: ru.qaz365.kz

Құрылтай энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Біріншіден, уәкілетті органға энергиясервистік шарттарды жоспарлау және іске асыру қағидаларын бекіту бойынша құзырет беру ұсынылады. Бұл тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, энергия тұтынудың тереңдетілген мониторингіне жататын объектілердің тізбесін кеңейту, содан кейін энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар беру көзделіп отыр, сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ұсынылатын ақпараттың анықтығына, толықтығына және уақтылы берілуіне мемлекеттік бақылау енгізу көзделген. Бұл шаралар тізілімге енгізілген барлық субъектілерді бақылаумен қамтуға және құқық бұзушылықтарды анықтау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", – деді қосымша баяндама жасаған Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов.

Сонымен қатар энергия аудитін жүргізетін ұйымдардың меншік құқығында қажетті жабдық болуына қатысты талаптарды күшейту көзделеді. 

Түзетулер энергия тиімді көппәтерлі тұрғын үй ұғымын нақтылау, Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ақпараттың дұрыс, толық әрі уақтылы ұсынылуына мемлекеттік бақылау енгізу, сондай-ақ жергілікті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыретін кеңейту көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу