Елде қоқыс полигонының үлгілік жобасы әзірленеді

713

Үкімет басшысы Асқар Мамин елдегі экологиялық проблемаларын шешуде нақты қандай шаруалар ескерілуі керектігін мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елде қоқыс полигонының үлгілік жобасы әзірленеді

"Біріншіден, қазір атмосфераға шығарындыларды азайту мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін озық қолжетімді технологиялар анықтамалығы әзірленіп жатыр. Осыған орай Экология министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, осы анықтамалықтарды уақтылы әзірлеуді тапсырамын. Олар ел өндірістерінің барлығында ескерілуге тиіс. Екіншіден, өңірлерде рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің, соның ішінде, құрылыс қоқыстарының пайда болу себептерінің бірі – елде құрылыс полигондарының болмауы және жалпы бар полигондардың талаптарға сәйкес келмеуі. Индустрия министрлігіне Экология және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигонның үлгілік жобасын әзірлеуді тапсырамын", - деді Мамин Үкімет отырысында. 

Премьер-министр сонымен қатар кәріз-тазарту құрылыстары мәселесі де өте өзекті екенін, ал олар санитариялық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін ескертті. Сондықтан Индустрия министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. 

"Әкімдіктер биылғы ағаш егу жоспарын орындасын. Жалпы, көгалдандыру, егілетін ағаштардың әрі қарай өсіп кетуі әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуы керек. Сондай-ақ, егілетін ағаш түптерін өсіру үшін питомниктер мен орман шаруашылықтарының  жай-күйіне назар аударылсын. Сонымен қатар Экология министрлігі мен өңірлердің әкімдіктері кәсіпорындарының, жылу электр орталықтары мен автокөлік шығарындыларына бақылауды күшейтсін. Индустрия министрлігі көлікті техникалық бақылау станциясының жауапкершілігін күшейтсін", - деген Премьер-министр бұл мәселелерді бақылауды орынбасары Роман Склярға жүктеді.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу