Елде оқитын 200-ден аса ауған студентіне көмек көрсетілді

901

Олар халықаралық көші-қон ұйымынан көмек сұраған. 

Елде оқитын 200-ден аса ауған студентіне көмек көрсетілді

Қазақстанда оқитын 200-ден аса ауған студентіне қаржылай қолдау көрсетіліп, құқықтық кеңес берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым GFFO (German Federal Foreign Office) қаржылық қолдауымен Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, ауған студенттеріне көмек көрсету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларында гуманитарлық акция өткізді. Нәтижесінде 200-ден аса ауған студентіне қаржылық қолдау көрсетіліп, құқықтық кеңес берілді. 

ІІМ көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Тілеубек Тахтановтың айтуынша, мемлекеттік орган отандық жоғары оқу орындарында оқитын 155 ауған студентіне оқу визасын берген және ұзартқан. 

"Көші-қон қызметі комитеті тарапынан тиісті жұмыс ұйымдастырылды, ал халықаралық көші-қон ұйымы қаржылық көмек көрсетті", – деді полиция полковнигі. 

Елордадағы университеттердің бірінде оқитын ауғандық Мұхаммед Кабир Ехсан студенттер үшін ақша мәселесі өзекті екенін жеткізді. 

"Ауғанстандағы отбасым маған ақша жібере алмай отыр. Өйткені елдегі банк жүйесі әлі жұмыс істемейді. Ешкім бізге ақша жібере немесе аудара алмайды. Сондықтан біз БҰҰ Көші-қон жөніндегі агенттігі сияқты ұйымдардан көмек сұрауға мәжбүрміз",  – деді студент. 

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова бүгінде Ауғанстандағы жағдай қиын екенін, сондықтан бұл елдің тұрғындарына көмек көрсету маңызды екенін атап өтті. 

"Аталған акцияның негізгі бағыттарының бірі Ауғанстаннан Қазақстанға білім алу үшін келген студенттердің құқықтық мәртебесін заңдастыру болып саналады. Оларға көмек көрсету – мемлекеттің міндеті ғана емес, ең алдымен біздің ортақ адами борышымыз", – деді Эльвира Әзімова. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу