Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов елдегі спортты дамыту бойынша негізгі басым бағыттарға тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, елде спорт нысандарының жетіспеушілік мәселесі бар.
"2025 жылға дейін 113 спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл 300 мыңнан астам адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Спорт инфрақұрылымы жоқ өңірлерде, елдімекендерде модульдік спорт ғимараттарын салу қажет", - деп жазды ол Фейсбук парақшасында.
Екінші бағыт – бұқаралық спорт және балаларға арналған секциялар. Осы мақсатта биыл балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге 87 млрд теңге бөлінеді. Бұл 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді тегін сабақпен қамтуға мүмкіндік береді, дейді Премьер-Министрдің орынбасары.
"Осы жылдан бастап мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілігіне қарай санат бойынша үстемеақы енгізілетін болады. Сондай-ақ жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны және спортшыларды жоғары тұрған спорт ұйымдарына бергені үшін, сол сияқты спорттағы атақтар үшін және т.б. үстемеақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрі енгізілетін болады. Бұдан басқа кәсіпқой спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірыңғай электрондық дерекқорын іске қосу қажет. Бұл спортшының физикалық және моральдық жағдайын, оның күшті және әлсіз жақтарын объективті түрде бағалауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ол.
Алтай Көлгіновтің сөзінше, бұдан бөлек Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындықты да қамтамасыз ету қажет.