Елде үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапты

121

Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы қабылдады.

Елде үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапты Фото: Ақорда

Президентке 2025 жылдың қорытындысы мен биылға арналған міндеттер таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жұлдыз Сүлейменова Жаңа Конституция құндылықтарын ілгерілету мақсатында оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

"Таза Қазақстан" бастамасы аясында экологиялық білім беру стандарттары әзірленді. Сондай-ақ мектептерде "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілуде.

Бастауыш білім берудің мазмұнына жүйелі талдау жасалғанын баяндады.

Мектеп бағдарламалары оқу, жазу және есептеу дағдыларына басымдық бере отырып, қайта қаралуда.

"Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 білім ошағының құрылысы аяқталғаны жөнінде мәлімет берді.

Саланы цифрландыру бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылды.

"Әлеуметтік әмиян" жобасы 6760 мектепке енгізілген. Дипломдар, аттестаттар мен анықтамалар цифрлық форматқа көшірілді. "Ұстаз" платформасы педагогтерді аттестаттау үдерісін толығымен автоматтандыруға жол ашады.

240 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні қолдану бойынша қайта даярлаудан өтті, тағы 200 мың педагог ChatGPT Edu жобасына сай ЖИ-ассистентті пайдалану машығын меңгеруде.

Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 184 білім беру нысаны іске қосылғанын жеткізді.

Үш ауысымды 80 және апатты жағдайдағы 31 мектептің мәселесі шешімін тапты.

209 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1192 пәндік кабинет заманауи қондырғылармен жабдықталды.

Балабақшаға кезек 2 есеге жуық қысқарды.

Президент білім сапасын арттыру және оны қолжетімді ету, мектептердегі орын тапшылығын азайту, жұмысшы мамандарды даярлау жүйесін дамыту, бюджет қаржысын тиімді жұмсау, саланы цифрлық тұрғыдан трансформациялау, соның ішінде Qazaq Digital Mektebi жобасын іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы алдағы үш жылда "Келешек мектептері" жобасының озық тәжірибесін білім беру ұйымдарына енгізу маңызды деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу