Елде жаңа банк құру ұсынылды

1103

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров Қазақстанда жаңа мемлекеттік банк құруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Елде жаңа банк құру ұсынылды

Оның пікірінше, жеке банктерді, квазимемлекеттік делдалдарды шексіз қаржыландыру процесін тоқтатып, қаражатты жаңа буындағы мемлекеттік банктерді құруға бағыттау керек.

"Қазақстанның ДСҰ-ға кіргеніне және шектеу шараларының жойылғанына қарамастан дамыған елдердің қаржы институттары отандық нарыққа жаппай бетбұрған жоқ. Негізгі позицияларды тек ресейлік банк капиталы алды", – деді Айқын Қоңыров.

Соңғы 5 жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктердің активтері көлеміндегі ресейлік еншілес банктердің үлесі 9%-дан 15%-ға дейін өскен. Олардың кредит портфеліндегі жиынтық үлесі 17%-дан асқан.

"Жыл басында шамамен 14%-ды құраған депозит көлеміндегі ресейлік банктердің үлесі маңызды болып саналады. Салым көлемі 3 трлн 500 млрд теңгеге жетті. Алайда санкция салдарынан "Сбербанк", "ВТБ банк", "Альфа банк" валюталық операциялар мен аударымдар кезінде қиындыққа тап болып, тығырыққа тірелді", – деді депутат.

Ол осы уақытқа дейін Қазақстанда көпфункционалды толыққанды мемлекеттік банктің құрылмағаны стратегиялық қате деп санайды.

"Мамандандырылған банктердің болмауына байланысты бюджет ақшасы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға жұмсалудың орнына экономикадағы түрлі квазимемлекеттік құрылымдарға, жеке банктерді тарта отырып, даму институттары арқылы жіберіледі. Мысалы, ауыл шаруашылығы бойынша "ҚазАгро" жеке холдингінің таратылуына қарамастан қаржыландыру ашық жүргізілмейді. Саланы республикалық бюджеттен кредиттеу әкімдіктер желісі бойынша микрокредиттер, кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы жүргізіледі. Өнеркәсіп саласында бюджеттен несие ресурстары "Бәйтерек" холдингі, "Қазақстан Даму банкі", "Өнеркәсіпті дамыту қоры" арқылы күрделі сызба бойынша жүреді", - деді Айқын Қоңыров.

Депутат мұның барлығы "қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру" деген істің әдемі термині ғана екенін атап өтті.

"Бірақ іс жүзінде оның артында қолжетімді кредит ресурстарын құра алмайтын тиімсіз жеке банк жүйесіне үнемі демеушілік жасалады. Осындай схема бойынша толыққанды мемлекеттік банк бола алмаған Қазақстан Даму банкі де жұмыс істеді", – деді Қоңыров.

Ол Қазақстанға алыпсатарлық табыс пен экономиканы өз мүдделеріне бағындыруға емес, өндірістік әлеуетті дамытуға жәрдемдесуге бағдарланған түбегейлі жаңа банк жүйесі керегін жеткізді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу