Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жеке сот орындаушыларының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру. Жеке сот орындаушыларына аттестация енгізіледі. Ол заңнаманы және Кәсіптік ар-намыс кодексін білу деңгейін тексеруді қамтиды. Қайта аттестаттаудан өтпеген жағдайда жеке сот орындаушысының лицензиясы тоқтатылады. Көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылған азаматтар жеке сот орындаушысының көмекшісі немесе тағылымдамадан өтуші бола алмайды. Әділет органдарының жеке сот орындаушылары қызметін бақылау өкілеттігі кеңейтіледі. Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізіледі. Егер ол қараусыз қалдырылса, бұл жеке сот орындаушысының лицензиясын тоқтата тұруға негіз болады", – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.
Құжатқа сәйкес, борышкерді баспанадан шығарудан 10 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету тәртібі енгізіледі. Бұл шара азаматтарға дайындалуға және басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Баламен қарым-қатынас тәртібіне қатысты атқарушылық құжаттар бойынша борышкерлерді бірыңғай тізілімге енгізуге жол берілмейді.
Бітімгерлік келісім жасасу үшін атқарушылық іс жүргізуді бір айға дейін тоқтата тұру мүмкіндігі көзделіп отыр. Егер атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткен болса, барлық мәжбүрлеп орындау шараларының күшін жою туралы норма енгізіледі. Бұдан бөлек, атқарушылық құжатты соңғы орындаған және іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына басқа сот орындаушылары салған барлық тыйым салулардың күшін жою құқығы беріледі.