Павлодар облысының жұртшылығымен жүздесу барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселеге айрықша тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Өңірде өндірістің дамуы экологияға үлкен жүктеме салып отыр. Елдегі ауаға шығатын зиянды қалдықтардың үштен бір бөлігі Павлодар облысына келеді. Бұл – жыл сайын шамамен 700 мың тонна қалдық шығарылады деген сөз. Әр күнгі еңбегі бүкіл елдің индустриялық өсіміне негіз болатын аймақ тұрғындарын қоршаған ортаның жағдайы алаңдатып отыр. Экологиялық жағдай – азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті арттыру мен экологияны қорғау арасындағы балансты сақтау маңызды. Еске сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көмірқышқыл бейтараптылығына жету бойныша ниет білдірген еді", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке аймақты газбен қамту мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Бұл жасыл экономикаға көшудің қарышты қадамы болмақ.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Былқылдақ көлінің жағдайына ерекше назар аударды. Оның түбінде өндірістік сынаптың мол көлемі жатыр. Қазіргі уақытта су айдыны аумағын тазарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асуда.
"Жерасты суларына сынаптың түсу мүмкіндігін тағы бір рет бағамдап, сарапшылармен бірге бұл проблеманы шешудің неғұрлым тиімді жолдарын қарастыру қажет деп есептеймін. Өздеріңізге белгілі, менің тапсырмам бойынша Павлодар облысының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған 2020-202024 жылдарға арналған кешенді шаралар жоспары қабылданды. Бұл құжат қоғам мен экологтардың тікелей қатысуымен жасалды. Осы орайда павлодарлық экологтар қозғалысының белсенділігін ерекше атап өткім келеді", – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Павлодар мен Екібастұз жастарының "EcoStudentKZ" республикалық экологиялық челленджін қолдап, соның негізінде Астана мен Алматы қалаларында "Қоқыссыз таза табиғат" атты жалпыұлттық акция басталғанын атап өтті.