Елдегі 10 облыс ауыз сумен 100% қамтамасыз етілді

151

90 қаланың 73-і 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. 

Елдегі 10 облыс ауыз сумен 100% қамтамасыз етілді Фото: canva

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қала халқының 99,3%-ы және ауыл тұрғындарының 97,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін барлық елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылған болатын. Бүгінде қала халқының 99,3%-ы және ауыл тұрғындарының 97,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. 10 өңірде бұл көрсеткіш 100%-ға  жетті. Бұлар – Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалалары мен  Маңғыстау облысының ауылдары", – деді министр Үкімет отырысында.

Ерсайын Нағаспаев елдегі 90 қаланың 73-і 100% ауыз сумен қамтамасыз етілгенін, қалған 17 қала жыл соңына дейін сумен толық қамтылатынын айтты.

"Еліміздегі 6 148 ауылдың 5 679-ы су құрылғыларымен жабдықталған. Оның ішінде, 4 420 ауылдық елді мекен орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, 1000-ға жуығында кешенді блок-модульдер орнатылған. 260 шағын ауылдық елді мекен құдық суын  пайдаланады. Ал, кейбір алыс ауылдарға су, тасымалдау арқылы жеткізіледі. Қазірде қалған 469 ауылдың 245-і республикалық бюджет пен арнайы мемлекеттік қор қаражат есебінен орталық су тарту жүйелеріне қосылуда. 224-іне жергілікті бюджет есебінен кешенді блок-модульдер орнатылатын болады", – деді Ерсайын Нағаспаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу