Премьер-министр Олжас Бектенов балаларды тамақтандыру сапасына қатысты мәселеде Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан бақылау әлсіз екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қабылданып жатқан шараларға қарамастан балаларды тамақтандыру сапасы өзекті мәселе болып қалып отыр және ол қайта қарауды қажет етеді. Жалпы, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан үйлестіру мен бақылау әлсіз екенін атап өтемін. Мен барлық мектеп асханаларына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізуді, сондай-ақ персоналдың жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын, жарамдылық мерзімдері мен тамақ өнімдерін сақтау шарттарының сақталуын тексеруді тапсырған болатынмын. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырманы орындау созылып кетті.
Бұдан басқа, әкімдіктер мектеп асханаларын жаңғырту және жарақтандыру бойынша тиісті жұмыс жүргізбейді", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген.
Үкімет басшысы мектептегі, әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет екенін жеткізді.
Олжас Бектенов Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктеріне жыл соңына дейін үлгілік перспективалық мәзірді қамтитын, оның ішінде асханасы жоқ мектептерге арналған тамақтану стандартын қабылдауды тапсырды.
"2015 жылдан бастап мектептік тамақтандыру "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның аясынан шығарылды.
Оқу-ағарту және Қаржы министрліктері міндетін адал атқармаған жеткізушілер тізілімін автоматтандырып, осындай сатып алуға қатысушылардың әкімшілік жауапкершілігін белгілеу жөнінде шаралар қабылдасын. 1 балаға арналған тамақтану құны орта есеппен 500 теңгеден аспайды.
Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін инфляция деңгейін ескере отырып, тамақтану құнын арттыру бойынша қаражат бөлуі қажет", – деді ол.