Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі жоқ қанша азамат тегін дәріден айырылуы мүмкін деген сауалға пікір білдіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тимур Мұратовтың сөзінше, жалпы алғанда, ешкім де дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден немесе медициналық көмектен айырылмайды.
"Кейбір пациенттер сақтандырылмаған болуы мүмкін деген қауіп-қатер бар. Бірақ біз оларға арналған шараларды қарастырдық. "Д" және "Е" санаттарына жататын азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдар төлем жасайды. Ал жұмыссыз азаматтар уақытша жұмыссыз мәртебесін рәсімдей алады, олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Жалпы алғанда, мұндай қауіп төнуі мүмкін деген азаматтардың саны көп емес. Бұл шамамен алғанда 50-60 мың адам. Біз олармен жеке жұмыс жүргізіп, оларды сақтандыру арқылы немесе басқа тәсілдермен дәрі-дәрмекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесін шешеміз", – деді вице-министр Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр еліміздегі кез келген медициналық көмек, оның ішінде шұғыл көмек тегін екенін айтты.
"Біз оны пациенттің мәртебесіне қарамастан көрсетуді жалғастырудамыз", – деді Тимур Мұратов.
Айта кету керек, бұған дейін Олжас Бектенов дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне тосқауыл қоюды тапсырғанын жазғанбыз.