Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомствоның алқа мәжілісінде мектеп директорларының деңгейі ойдағыдай болмай тұрғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Талдау директорлардың біліктілік деңгейін көтеру керектігін көрсетіп отыр. Олардың тек 9 пайызында ғана "жетекші-көшбасшы" санаты бар. Осы жағдайды шешу үшін 2023 жылдан бері "Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы" жобасы іске асырылып келе жатыр. Бүгінгі күні 583 кандидат Республикалық кадрлық резервке енгізілді. Жоба іске қосылғанына қарамастан, 740 мектепке директор жетіспейді, оның 81%-ы ауыл мектебі, – деді ол.
Директорлар тапшылығы әсіресе Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелген көрінеді.
– Резвервтегі кадрларды тағайындау Ақтөбе облысында қажетті деңгейде орындалмаған. Яғни, басшылық лауазымға 12 кадрдың екеуі, Шымкентте 23-тің үшеуі ғана тағайындалған. Алматы қаласында ревервте тұрған 30 маманның біреуі де тағайындалмаған. Бұл білім басқармалары тарапынан өңірдегі бос орындарды ескере отырып, оқытуға қатысушыларды іріктеу кезінде нақты тәсілдің жоқ екенін көрсетеді. Басқаша айтсақ, стратегиялық маңызы жоба бетімен жіберілген. Мәселе тек жаңа директорлар дайындауда ғана емес, бүкіл директорлар құрамын сапалы менеджментке оқыту қажеттігі туындап отыр. Сонда ғана білім беру саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткіземіз, – деді министр.