Елдегі алғашқы АЭС-ті жобалау бойынша келісімшартқа қол қойылды

318

Нысан құрылысының жобасы жаңа практикалық кезеңге өтті.  

Елдегі алғашқы АЭС-ті жобалау бойынша келісімшартқа қол қойылды Фото: gov.kz

Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі Келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа "Қазақстан атом электр станциялары" ЖШС мен "Росатом" мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – "Атомстройэкспорт" АҚ арасында қол қойылды. Келісімшартқа қол қою рәсімі Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвтың қатысуымен өтті.

"Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді. 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі. АЭС жобасын іске асыру ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландырудың және жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі кезең-кезеңімен арта түседі", – делінген хабарламада.

Атом энергетикасы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаны іске асыру отандық өнеркәсіпті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және жоғары білікті кадрларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер береді.

"Алғашқы АЭС құрылысы жобасын іске асыру барысында жергілікті қамтуға – қазақстандық кәсіпорындарды, мамандарды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді барынша тартуға ерекше назар аударылады. Алғашқы АЭС құрылысы отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа өндірістер мен технологияларды игеруге, сондай-ақ атом энергетикасын одан әрі дамыту үшін ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін беруге тиіс", – деп хабарлады Атом энергиясы жөніндегі агенттік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу