Елдегі балабақшалардың 80%-ы арнайы талаптарға сай келмейді

875

Арнайы комиссия Алматыдағы балабақшалардың жұмысын тексереді.

Елдегі балабақшалардың 80%-ы арнайы талаптарға сай келмейді

Алматыда балабақшалардың сапа стандарттарына сәйкестігі тексеріледі, деп жазды Inbusiness.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Арнайы комиссия Алматыдағы балабақшалардың жұмысын тексереді. Оның құрамына білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері кіреді. Мұндай жұмыстар еліміздің басқа өңірлерінде де жүргізілмек. Комиссия мектепке дейінгі ұйымдарда және балабақша қызметкерлерінің жұмысында сапа стандарттарының сақталуын тексереді", – деп жазылған хабарламада.

"Балабақшалар 100% қауіпсіз болуы керек. Осы күндері Алматыдағы екі мектепке дейінгі ұйымда орын алған жағдайларға жол беруге болмайды. Балабақшалар әкімдіктерге бағынышты болса, заң бұзушылықтардың басым көпшілігі жекеменшік балабақшаларда тіркеледі", – деп атап өтті Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, өкінішке орай, биылғы жылдың қыркүйек айына дейін мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау тетіктері мүлде болмаған.

"Балабақшалар барлық басқа білім беру ұйымдарына қарағанда лицензиялаудан босатылған, мемлекеттік бақылау мен аттестациядан босатылған. Ал биыл ғана біз барлық балабақшаларды мемлекеттік тексеру институтын заңнамалық тұрғыдан енгізуге қол жеткіздік", – деді спикер.

Гүлзат Көбенова желтоқсан айының басында жүргізілген алғашқы тексерулердің қорытындысы бойынша тексерілген балабақшалардың 80%-ы білім беру қызметіне қойылатын талаптарға сай келмейтіндіктен мемлекеттік аттестациядан өтпегенін еске салды.

"Сондықтан біз бұл бақылау құралын енгіздік. Сонымен қатар жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру, тәрбиешілердің біліктілігі мен қауіпсіздік мәселелеріне қойылатын талаптарды күшейтеміз. Жұмысын жаңадан бастағандардың біліктілігін тәуелсіз тексеру талабын енгіземіз. Мектептер мен балабақшалардағы тәрбие жұмысы алғаш рет жүргізілуде. Әр топтың бөлмелері бейнекамералармен қамтамасыз етілуі керек. Балалармен жұмыс істейтін кадрларды іріктеу мәселесі де өте маңызды", – деді спикер.

Еске сала кетсек, күні кеше Алматы полициясы балабақшада балаларды ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты іс қозғады. Кейін балаларға күш көрсетті деген күдікке ілінген тәрбиеші өз-өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіндердің топтағы баланы жабылып ұрып-соққан бейнежазба тарады. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу