Елдегі ең ірі жылыжай Шымкентте салынып жатыр

Кешен жылына 51 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. 

Елдегі ең ірі жылыжай Шымкентте салынып жатыр Фото: Умные теплицы

Кәсіпорын толық іске қосылса, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин "Alarko Holding" түрік компаниясының вице-президенті Шахин Аббаспен кездесіп, жобаны іске асыру барысын талқылады. Олар құны 650 млн доллар тұратын қызанақ өсіру бойынша ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру бағытын да сөз етті. 

2025 жылдың соңына дейін Шымкент қаласында екі кезең бойынша жылыжай кешенін және өнімді қайта өңдейтін цех салу жоспарланған. Кешен толық іске қосылғанда жылына 51 мың тонна өнім өндіреді. Өнім ішкі нарықты қамтамасыз еткеннен соң, Ресей Федерациясы, Қатар және БАӘ елдеріне экспортталады. 

– Кәсіпорында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Компания Шымкентте жылыжайларға арналған құрылымдар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр, бұл құрылыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында халықаралық стандарттар бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үшін мамандандырылған академия құрылады. Тараптар инвестициялық жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген инвестициялар туралы келісімнің жобасы мен шарттарын талқылады, – деп жазады Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми парақшасы. 

Өз кезегінде Серік Жұманғарин инвесторға әрдайым қолдау жасалатынын айтып, ауыл шаруашылығының астық, қант қызылшасы, теріні терең өңдеу секілді өндірістерін дамытуға мүдделі екенін жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу