Елдегі ең ұзын автомобиль тоннелі шілдеде пайдалануға беріледі

665

Тоннель Түркістан облысында орналасқан.

Елдегі ең ұзын автомобиль тоннелі шілдеде пайдалануға беріледі Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев автожол саласындағы бірнеше жоба биыл аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы Қазақтандағы ең ұзын автомобиль тоннелі (840 метр) шілде айында пайдалануға беріледі. Тоннелдің ашылуы қыс мезгілінде жүргізушілерге кедергісіз жүруге мүмкіндік береді. Екіншіден, Алматы агломерациясы үшін транзиттік маңызы зор ұзындығы 6 шақырым Шамалған станциясындағы автомобиль жол айрығы қыркүйек айында іске қосылады. Үшіншіден, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" дәлізімен байланыстыратын 262 шақырымдық Мерке-Бурылбайтал автожолы пайдалануға беріледі", - деді министр Үкімет отырысында.

Бұдан бөлек ШҚО-дағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан 1 мың 300 метрлік көпірдің құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл жазда паром арқылы, қыста мұздың үстімен жүретін тұрғындарға қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етеді.

"Ол Шығыс Қазақстан облысындағы 4 ауданды бір бірімен байланыстырады. Бұл тарихи жоба 60 жылдан бері талқыланып келе жатқан еді. Ал қазір жоба Мемлекет басшысының тиісті шешімінің арқасында іске асырылып, жыл соңына дейін елдің иелігіне тапсырылатын болады. Батыс Қазақстанның шалғайындағы Бөкей Ордасы туристік аймағын дамыту мақсатында ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарының күрделі жөндеу жұмыстары да осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталатын болады", - деп толықтырды ведомство басшысы.

Айта кету керек, осыған дейін биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтитынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу