Елімізде қараша айымен салыстырғанда желтоқсан айында сырқаттанушылықтың 2,3 есеге өсуі байқалып отыр. Желтоқсан айында коронавирустық инфекциядан 4 науқас қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Желтоқсан айында өткен айға қарағанда сырқаттанушылық 2169 жағдайдан 5127 жағдайға дейін артқан.
"Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 12 тамыздан бастап республикадағы барлық өңір жасыл аймақта орналасқан. Бірақ та, R көрсеткішінің бір бірліктен жоғары болуы еліміздің 13 өңірінде байқалады. Бұл инфекция таралуының өскенін көрсетіп отыр", - деді спикер.
Вице-министрдің айтуынша, қолданыстағы шектеу шаралары бойынша R көрсеткіші бірден жоғары тіркелген кезде халық көп жиналатын жерлерде маска кию ұсынылады.
"Өңір сары аймаққа көшкен кезде ұжымдарды бір-бірінен ажыратуға бағытталған шаралар қабылданатын болады. Бұл жақын байланыстағы адамдарды, вакцинациялауға абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс түріне ауыстыру, білім беру ұйымдарында топтарды қоса отырып, іс-шаралар өткізуді болдырмау. Ал, өңір қызыл аймаққа көшкен кезде инфекцияның таралуына және емдеуге жатқызылған адамдардың санына байланысты жиналыстарды онлайн форматқа көшіру, жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде маскаларды міндетті түрде пайдалану, жабық мекемелерге баруға шектеулер енгізу, объектілерде "Ashyq" қосымшасын міндетті түрде пайдалану, қызметкерлердің 30%-ын қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру, іс-шараларды өткізу кезінде объектілердің толтырылуын 50%-дан асырмау сияқты шектеу шаралары қабылданатын болады", - деп атап өтті ведомство өкілі.