Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев отандық IT мамандардың орташа жалақысын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің сөзінше, 2023 жылы Қазақстанның IT саласы өсім көрсеткен.
"Елдегі IT компаниялардың саны 18 мыңға жуықтады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Бұл салаға деген қызығушылықтың өскенін әрі оның белсенді дамып жатқанын көрсетіп отыр. IT мамандардың орташа жалақысы шамамен 600 мың теңгені құрады, бұл былтырғыға қарағанда 35 пайызға көп. Бұл жоғары білікті мамандарға деген жоғары сұранысты көрсетеді. IT салада жұмыс істейтіндердің қатары 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті", – деді Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында.
Айта кету керек, осыған дейін Сенатта цифрландыру мәселелері қаралып жатқанын жазған болатынбыз.