Елдегі өңірлер қалай дамып жатқаны белгілі болды

170

Аймақтар мен ауылдарды дамыту – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. 

Елдегі өңірлер қалай дамып жатқаны белгілі болды Фото: canva

Бұл бағытта жүйелі жұмыс қолға алынған. Солардың бірі – Үкіметтің 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік саясатының тұжырымдамасы мен 2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы. Атқарушы билік ауылды тұрақты дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және инфрақұрылымды жаңғыртуға баса назар аударып келеді. Осы маңызды құжаттар бірнеше негізгі саланы қамтып, ал жобалар ел экономикасына айтарлықтай серпін беріп отыр деуге негіз бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

                            2030 жылға қарай Қазақстан өңірлерінде не өзгереді?

Жалпы алғанда, соңғы жылдары елімізде өңірлерді дамытуға ерекше назар аударылып отыр деп айтсақ артық емес. Алдағы бес жыл ішінде әр аймақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар нақты өзгерістер болады деп күтілуде. Бұл бағытта мемлекет алдына өршіл мақсаттар қойып отыр.

Біріншісі – әрбір адам үшін қолжетімді жағдай жасау. Адамдар білім, медицина, мәдениет, спорт, таза су, жарық, жол сияқты күнделікті маңызды қызметтерге қол жеткізе алуы тиіс. 2030 жылға қарай бұл қызметтер қалаларда – 96%-ға, ал ауылдарда 71%-ға халыққа қолжетімді болады. Екіншісі – қала мен ауылдарда жайлы орта қалыптастыру. Аула, саябақтар, көшелер абаттандырылып, ағаштар көбірек отырғызылады, тазалық пен қауіпсіздікке мән беріледі. Үшіншіден, аймақтық, қалалық жоспарға сүйене отырып жұмыс істеу. Әр қала мен ауылдың қалай дамитыны нақты жоспар арқылы реттеледі. Құрылыс бас жоспарлар мен сызбалар негізінде жүргізіледі.

Төртіншісі – өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамыту. Ірі зауыттар айналасында шағын және орта бизнес дамиды. Жаңа зауыттар ашылып, дайын өнім шығарылады. Бесіншісі – сапалы жол мен көлік қатынасы. Өңірлер бір-бірімен сапалы жолдар арқылы байланысады, жаңа логистикалық орталықтар (хабтар) құрылады. Алтыншысы – туризмді түлету. Әр өңірде туристерге арналған арнайы орындар жасалып, ішкі туризм жандана түспек. Жетіншіден, әр аймақ өз бюджетіне өзі жауап береді. Бұдан бөлек өңірлерде инфрақұрылымды дамыту, ірі қалаларды агломерация ретінде дамыту бойынша мақсаттар бар. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды бүкіл елге серпін беретін экономикалық орталықтарға айналмақ. 

Ал ауылдарды дамыту тұжырымдамасында елдімекендердің географиялық жағдайы мен даму әлеуеті ескерілген. Басты басымдықтың қатарында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және тұрақты табыс көзін қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген.

"Ауыл аманаты" жобасы ауыл тұрғындары мен шағын қалалардағы азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдауға бағытталған. Қаржыландыру 2,5%-дық жеңілдетілген несие түрінде беріледі. 2023–2024 жылдары 111,7 млрд теңгеге 16,6 мыңнан астам шағын несие берілді. Бағдарлама нәтижесі бойынша сол кезеңде 18,6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл бұл жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 50 млрд теңге көзделген. 

Осындай ауылдарда жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру арқылы оларды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру көзделіп отыр. Маңызды тұжырымдама елдімекендерде жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салуды, таза ауызсу және электр қуатымен жабдықтау мәселесін шешуді көздеп отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына кең жолақты интернет және спутниктік байланысты қолжетімді ету, ішкі жолдарды жөндеу, мәдени нысандарды салу секілді мақсаттар да бар. Түптеп келгенде бұл ауылдардағы тіршіліктің жандануына септігін тигізбек. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын ынталандыру мақсатында жаңа жер телімдеріне инженерлік желілер тарту жұмыстары жалғасын таппақ. 

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатына жету үшін агроөнеркәсіптік кешен жандандырылады, кооперативтер құрылады. Осы секілді мақсаттар ауылдағы бизнес-ортаның дамуына, көлік-логистика желісінің кеңеюіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Бұл жас мамандардың ауылдан кету көрсеткіші азаяды деп күтілуде.

                                          Қуатты аймақтар – қуатты ел

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы үшін аймақтардың рөліне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің басты міндеті – өңірлердің дамуы арасындағы теңсіздікті жою және аймақтарда экономикалық өсімге серпін беретін бастамаларды қолдау. Осы жылы экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе өскені белгілі болды.

Президент "Қуатты аймақтар – қуатты ел" ұстанымы аясында Үкімет облыстарда әлеуметтік салықты қалдыру жөнінде шешім қабылдағанын еске салды. Осы тұста аймақ басшыларына бюджет қаражатын тиімді пайдалану міндеті қойылған. Себебі мемлекетке нақты пайда әкелетін, халықтың тұрмысын жақсартатын әлеуметтік маңызы бар жобаларға ғана басымдық беріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақтанның болашағы аймақтардың дамуына да тікелей байланысты. Себебі мемлекеттің күш-қуаты экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруымен де өлшенуі тиіс. 

"Қуатты аймақтар – қуатты ел" қағидаты қазіргі өңірлік саясаттың негізіне айналды. Бұл бағытта бірнеше маңызды бастамаларға тоқталсақ болады. Біріншіден, жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Мәслихаттардың рөлі артты, ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Азаматтар мен сарапшылардың пікірінше, бұл бастама биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына серпін берді. 

Екіншіден, жергілікті бюджеттердің табысын арттыру, төртінші деңгейлі бюджетті енгізу және фискалдық саясатты орталықсыздандыру қолға алынды. Бұл – өңірлердің экономикалық өсіміне ықпал ететін маңызды қадам әрі ресурстарды тиімді басқаруға жол ашпақ.

Үшіншіден, аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық, шекара маңындағы және шалғай аудандардағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мұның бәрі де ел ішінде халықтың ірі қалаларға жаппай көшу үрдісі бәсеңдетіп, ауыл-аймақтарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Осындай жүйелі жұмыстар өңірлік саясатты тиімді жоспарлауға және жүзеге асыруға ықпал етті.

                                          Өңірлік экономиканы дамыту

Экономист Бауыржан Ысқақов өңірлік экономиканы дамытудағы ең тиімді модельді атады.

"Ең тиімді модель ретінде кластерлік даму тәсілі мен орталық перифериялық модельдер үйлесімін айтар едім. Кластерлік тәсіл – бір салаға немесе бірнеше байланысты салаларға маманданған кәсіпорындардың шоғырын құру арқылы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ал орталық перифериялық модель ірі экономикалық хабтардың, яғни агломерациялардың маңындағы шағын өңірлердің мультипликативті әсерін арттыруды жүйеге келтіре отырып, дамыту мүмкіндігі. Бұл тәсіл ресурстардың тиімді бөлінуі және инфрақұрылымдық теңгерімділікті қамтамасыз етеді деп ойлаймын.

Өңірлерді дамытудың ұзақ мерзімді экономикалық әсерін қалай бағалауға болады деп айтатын болсақ, ұзақмерзімді әсерді бағалау үшін бірнеше әдістер мен көрсеткіштерді қолдануға болады. Біріншісі – жалпы ішкі өнімнің өсімі, оның тұрақтылығы мен құрылымын, яғни, өндіріс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы арақатынасы. Екіншісі – жұмыспен қамту деңгейі мен табыстың өсуі. Үшіншісі – бюджет түсімдерінің артуы мен қаржылық дербестік. Одан кейін инвестиция көлемі және олардың тиімділігі. Бұдан басқа сапалы өмір сүру көрсеткіштері – білім, денсаулық сақтау, көлік қолжетімділігі, экологиялық тұрақтылық", – деді ол. 

Сарапшы агломерациялар мен моноқалалардың экономикалық әлеуетін арттыру үшін қандай құралдар қолданылуы тиіс екенін де айтты.

"Инфрақұрылымдық даму, көлік, логистика, энергетика жүйелерін жаңғырту. Екіншісі – салалық әртараптандыру, яғни моноқалаларда тек бір саладан тәуелділікті азайту. Мысалға жаңа өндірістер немесе туризмді дамыту. Одан кейін арнайы экономикалық аймақтар, индустриалдық парктер құруымыз керек. Сонымен қатар мемлекеттік ынталандыру пакеттері, яғни салықтық жеңілдіктер, субсидиялар қажет. Жергілікті кадрларды қайта даярлау мен кәсіби оқыту бағдарламалары", – деді сала маманы.

Бауыржан Ысқақов өндірістік тиімділікті арттыру бірінші кезекте деген пікірде.

"Цифрлық технологиялар, шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беру. Екіншісі білім мен технологияларды тарату механизмдерін жақсарту. Ғылыми-зерттеу орталықтары, стартап инфрақұрылымдарын арттыру керек. Үшіншісі – қашықтан жұмыс істеу және цифрлық қызметтердің дамуы. Бір сөзбен айтқанда, шалғай өңірлердегі экономикалық белсенділігін арттыру. Бұдан бөлек цифрлық мемлекеттік қызметтер, әкімшілік кедергілерді азайту арқылы инвестициялық климатты жақсартуды қолға алуымыз керек. Одан кейін ауыл шаруашылығында агротехнологиялар, мысалы, смарт фермалар енгізуіміз қажет. 

Сыртқы және ішкі инвестициялар ағыны өңірлік экономикаларға қалай ықпал етеді дегенге келсек, бірінші ықпалы – жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру. Одан кейін технологиялар мен басқару тәжірибесін арттыру, инфрақұрылымды жаңғыртуға түрткі болуға әсерін тигізетін салалар", – деді сарапшы.

Экономист Мақсат Халық та әріптесінің сөзін құптайды.

"Өңірлерді дамыту бойынша бірінші кезекте кластерлік дамуға бағытталған, агломерациялық тепе-теңдікті сақтайтын модель керек деп есептеймін. Неге кластер? Себебі әр өңірдің ерекшеліктері болады. Соған негізделе отыра сол өңірдің экономикасын жандандыруға болады. Мысалға, оңтүстікте мақта шаруашылығын, тоқыма кластерін дамытуға болады. Тура сол сияқты күн энергетикасын қолға алуға да болады. Ал енді моноқалаларда, әр облыстағы қалалардың дамуын сипаттайтын болсақ, онда сол қаланы толығымен жабдықтайтын, өңірмен, аймақпен байланыстырылатын агломерация да маңызды", – деді ол.

Оның сөзінше, өңірлерді дамытудың әсерін бағалағанда аймақтың ішкі жалпы өніміне мән беріледі.

"Қандай да бір салаға тартылып жатқан инвестициялар, жұмыс орындарының ашылуы, өңірге қанша салық түсіп жатыр – осы мәселелерге қараймыз. Жол салудың өзі сол өңірдің логистикасына ғана емес, сонымен қатар өңірдегі инфрақұрылымның жасақталуы, іскерлік белсенділіктің, құрылыс саласының дамуына әсерлерін бағамдауға болады. Яғни, бір салаға жақсы тартылған инвестиция кейде өзге де салалардың дамуына динамикалық тұрғыдан әсерін тигізіп жатады", – деп атап өтті экономист.

Қаржыгер агломерация идеясы өте маңызды деген пікірде. 

"Негізгі ірі қалаларды аймақтағы ауылдармен, елдімекендермен байланыстыру шараларын барынша тиімді ұйымдастыру өте маңызды. Бұл инфрақұрылыммен байланысты. Яғни, жол, көлік қызметі, судың болуы. Одан кейін еңбек пен білім саласы интеграциялануы тиіс. Сол жердегі компаниялар, зауыттар өздерінің тапсырыстарын жергілікті университеттермен жаба алуы керек. Білікті мамандардың өңірде дайындалғаны маңызды", – деді ол.

Мақсат Халық өңірлерді дамытамыз десек, сол аймақтардың ерекшелігін бағалауымыз керек деп санайды.

"Бірінші кезекте өңірлерде сапалы білім мен медициналық қызмет болуы керек. Екіншіден, жастарды дамытатын арнайы мәдени орталықтар болуы қажет. Жақсы жалақы болуы керек. Шекаралық аймақтарды дамытамыз дейміз, ол жерлерде арнайы төлем қойылуы тиіс. Яғни, мамамандардың еңбекақысы жоғары бағалануы керек. Білікті мамандардың сол жақта алып қалу үшін осындай қадамдар жасалу керек", – деді экономист.

2025 жылдың наурыз айында елімізде аймақтарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тағы да басқа бағыттарда жоспарлы жұмыстар жалғасты. Ол республиканың тұрақты дамуы жолындағы басым стратегиялық міндеттерді қамтиды. Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ел аумағында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталған. Бағдарлама аясында агломерацияларды, моноқалаларды, ауылдық елді мекендерді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту көзделген.

                                              Инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй

2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасында тұрғын үй қорын жаңарту, коммуналдық жүйелерді жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және ТКШ қызметтерінің сапасын арттыру міндеттері көзделген. 2026 жылға қарай барлық ауылдық және қалалық елдімекендерді 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ жылу, су беру және су тарту желілерінің тозу деңгейі 45%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Ал көпқабатты үйлер 100% жылу және су есептегіш құрылғыларымен жабдықталмақ.

Былтыр республикада 18 млн шаршы метр баспана салынды. Бұл көрсеткіш тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынын көрсетіп отыр.

 "Дипломмен – ауылға" жобасы 2009 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бірегей жоба түрлі салалардағы жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға бағытталған. Жоба аясында мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға ие болғандары аз емес. Оларға біржолғы көтерме жәрдемақы, баспаналы болуға жеңілдетілген несие берілді. Былтыр осындай 9 177 маманға көтерме жәрдемақы, тағы 3 672-сіне үй сатып алуға несие берілген.

Елімізде моноқалалар мен шағын қалаларды дамыту ісі де шет қалған емес. Үкімет өткен жылы бұл елдімекендердегі көлік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға қазынадан 22,5 млрд теңге жұмсады. Биыл  6 моноқала мен 16 шағын қалада ондаған жоба іске асырылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу