Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57 пайызын теміржол көлігі құрайды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Көлік саласы еліміздің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары бұл сала тұрақты дамып келеді. Соңғы бес жылда көлік және қоймалау қызметінің көрсеткіштері 2 жарым есеге артып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 триллион теңге болды. Қазақстандағы жалпы жүк айналымының 57 пайызын теміржол көлігі құрайды. Сондай-ақ көлік саласындағы жалпы өнімнің үштен бірін қамтамасыз етеді", – деді ведомство басшысы.
Теміржол көлігі экспорт пен транзитті тиімді жүзеге асырады.
"Теміржол саласында негізгі үш бағыт бар. Олар – локомотивтер мен вагондар паркі және магистральдық теміржол. Бұл элементтерді дамыту үшін жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр: өткізу қабілетін көбейту және болашақтағы сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беру", – деп атап өтті Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.