Елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл адамдар нығайтады – Президент

Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке.

Елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл адамдар нығайтады – Президент Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай пікірді Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды.

Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті. Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс.

Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазған. Сол себепті, олардың өмірі мен ұстанымы жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады" деп нақты айтып өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу