Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте елдің әлеуметтік жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер ведомство басшысынан "Қазақстанның әлеуметтік жағдайы жақсарды ма?" деп сұрады.
"2025 жылы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне 6,1 трлн теңге жіберіліп жатыр. Әрбір төртінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жатыр. Меніңше, жалпы егер де мұқтаж азаматтар болатын болса, қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесі бұрынға қарағанда жақсарды. Біздің негізгі мәселеміз жұмыс істейтін азаматтар болса, олар үшін көмек жұмыс орны және жұмысқа тарту болуы керек", – деді Тамара Дүйсенова.
Министр қазіргі статистикалық көрсеткіштердің негізінде айтып отырғанын жеткізді.
"Елдің әлеуметтік жағдайы нашарлады деп айта алмаймын. Мәселен, біз биыл зейнетақыны көтердік. Олардың орташа көлемі 150 мың теңгеден асты. Әлеуметтік жәрдемақыға келсек, бірінші топтағы азаматтар алатын жәрдемақы 100 мың теңгеден асты. Тек қана жәрдемақыны айтып отырмын. Біздің бюджеттің 50 пайызы азаматтарға әлеуметтік көмек беру үшін жұмсалып жатқан болса, әрбір төртінші қазақстандық мемлекеттен көмек алатын болса, онда әлеуметтік бағдарламаға қаралған қаражат кемімегенін айтуымызға болады. Бүгінгі беріліп отырған қаражаттың, жұмыс істеп отырған азаматтардың есебінен қараған кезде әлеуметтік жағдайымыз бұрынғы уақытпен салыстырғанда төмендеді деп айта алмаймын. Мен бүгінгі әлеуметтік жағдай мен статистикалық көрсеткіштердің негізінде айтып отырмын", – деді Премьер-министрдің орынбасары.