Қазақстанның басым бөлігінде 5 маусым күні ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Синоптиктердің болжамынша, солтүстік және орталық өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Ал шығыс және оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталып, өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Кейбір аудандарда қатты жаңбыр жауып, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Қостанай облысында тұман түсуі мүмкін.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында да жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей өңірлерде желдің күшеюіне байланысты дауылды ескерту жарияланды.
Алматы қаласында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Сонымен қатар қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталады. Астанада желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейсе, Шымкентте де қатты жел соғып, жоғары өрт қаупі күтіледі.
Алматы облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанса, Іле Алатауында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Жетісу облысында ауа температурасы күндіз 35 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында да бірнеше күн бойы 30-35 градус аптап ыстық болады деп күтілуде.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ал облыстың солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Қызылорда облысында жаңбыр, найзағай, дауыл және шаңды дауыл болжанып отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, Алматы, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бірқатар аумақтарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға, алыс жолға шыққанда сақ болуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға шақырды.