Еңбек адамы – тұтас ұлтқа үлгі. Президент Тоқаевтың халыққа жолдаған үндеуінің бір бөлігі де осыған саяды. Мәселен елдегі адал кәсіп иелерінің бірі – металлургтер. Солардың бірі – Әбдірашит Доспанов. Бесаспап маман бақандай 40 жылын осы салаға сарп еткен, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Әбдірашит Доспанов өндіріс цехінде маңдай термен еңбек еткелі - 38 жыл. Қызығы бұл жылдары өндіріс ошағында бірде-бір апат тіркелмепті. Қазір ол 12 қызметкерден тұратын ауысымға жауапты. Цехтің өзінде еңбек ету қайсарлықты талап етеді. Өйткені мұндағы температура 1400 градусқа дейін жетуі мүмкін. Былайғы арнайы киімсіз кіріп-шығу тіптен мүмкін емес.
"Менің саналы өмірімнің жартысы осында өтті. Бұл зауыт біздің үйіміз секілді. Мұнда жұмыс істеу бізге қуаныш. Жайдары көңілмен келіп-кетеміз. Жұмысқа 1 немесе 2 сағат бұрын келеміз. Артынан пешті қабылдап аламыз. Егер ақаулар болса, толық тексеруді жүргізіп, жұмысты әрмен қарай тапсырамыз", - дейді ЖМБЗ мыс балқыту цехының аға балқытушысы Әбдірашит Доспанов.
Доспанов ұзақ жылғы еңбегінде түрлі марапатқа ие болды. 1, 2 және 3-ші дәрежелі "Еңбек даңқы" медальдары бар. Одан өзге "Жезқазған балқыту зауытының" тарихындағы тұңғыш "еңбек даңқының кавалері" атағына ие болған металлург. Әрине оның тәлімімен бүгінде көптеген шәкірт тәрбиеленіп шықты.
"Біз бұл азаматтан жұмыстың алғашқы күнінен бастап бәрін үйреніп келеміз. Әрине, бастапқыда қорқыныш болды. Өйткені оттың қасында еңбек ету оңай емес. Біздің әлі де үйренеріміз көп. Әбдірашит Доспанов жұмыс кезінде өте сақ және ұқыпты", - дейді металлург Ербұлан Әбдіғалиев.
Әбдірашит Доспанов бұл салаға кездейсоқ келе салған жоқ. Еңбеккер ұзақ уақыт бойы мыс кәсіпорындарында қалтқысыз қызмет еткен Доспановтар әулетінің ізгі жолын жалғастырушы. Қазір одан бөлек, "Қазақмыс" корпорациясында оның 9 отбасы мүшесі еңбек атқарады. Биыл Доспановтар әулеті "Мерейлі отбасы" республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Қазір "Жезқазған мыс балқыту зауытында" шамамен 2200-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. "Қазақмыс" корпорациясының басты құндылығы осы еңбек адамдары іспетті. Өйткені, олар тек жаны қалайтын жұмысты істеп қана қоймай, тұтас Қазақстанның дамуы үшін үлкен үлес қосып келеді.