Елдің үш облысында су мәселесі шиеленісе түсті – министр

501

Соңғы жылдары суармалы егіншілік дамыған республиканың оңтүстігінде су тапшылығы қатты сезіледі. 

Елдің үш облысында су мәселесі шиеленісе түсті – министр Фото: Turkystan.kz

Әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы су шаруашылығының жағдайы шиеленісті болып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Министр вегетациялық кезеңнің өту барысына тоқталды.

"Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша мұздықтардың әлсіз еруі салдарынан Қырғызстан аумағындағы су қоймаларының аз толуына байланысты шиелініскен жағдай байқалады. (...) Бұдан бөлек Жамбыл облысында өңірдің сумен қамтамасыз етілуіне теріс әсер ететін бірқатар проблемалар анықталды. Мәселен, бүгінде нақты пайдаланылатын суармалы жерлер туралы нақты мәлімет жоқ екені белгілі болды. Әкімдіктің мәліметі бойынша 181 мың га суармалы жер бар, ал биыл жасалған шарттар бойынша Қазсушар тек 93,6 мың га жерге ғана су береді", - деді ведомство басшысы.

Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келуде.

"Биылғы 1 сәуір мен 30 маусым аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд текше метр су түседі деп күтілген. Бірақ іс жүзінде 1,291 млрд текше метр су түсті. Сондай-ақ, Қазгидромет пен Узгидрометтің болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендерінің сулылығы нормадан төмен және нормаға жуық деп күтілген", - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек Қызылорда облысында да Шардара су қоймасына судың аз түсуіне байланысты шілде айында суармалы жерлерді, әсіресе күріш дақылдарын сумен қамтамасыз етуде шиеленісті жағдайдың туындауын жоққа шығара алмаймыз деп отыр министр.

Ведомство басшысының мәліметіне сәйкес, Алматы және Жетісу облыстары бойынша су шаруашылығының жағдайы тұрақты. Бұл өңірлерде барлық су қоймасы вегетациялық кезеңге бекітілген кесте бойынша жұмыс істеп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу