Ұлттық банк басшысы қоғамда девальвация жайлы сыбыс көп екенін мойындады. Алайда ол елдің ақша-несие саясаты тұрақты деп сендірді.
"Елде инфляциялық таргеттеу саясаты толық жүзеге асып жатыр және менің ойымша, төрт айдың қорытындысы біздің қажетті дәлізде тұрғанымызды көрсетті. Елдің ақша-несие саясаты тұрақты, валюта саясаты тұрақты. Девальвация бола ма, болмай ма, бұл мәселені әлеуметтік желі талқыласын. Мен өз жұмысымды істеуім керек. Ұлттық банк өз саясаты арқылы азаматтардың сенімін қайта қалпына келтіреді", – деді Ерболат Досаев.
Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президент өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан соң елде теңгенің құнсыздануы ара-тұра байқалған. Ұлттық банк төрағасы 20 наурыз күні бір доллар құны кейбір ақша айырбастау орындарында 387-390 теңгеге жеткенін айтқан еді.