"Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қамқорлығымен өтетін "Физкульт-Ура" әлеуметтік жобасы Қазақстанның мектеп оқушыларын еліміздің әйгілі спортшыларымен таныстыруды жалғастыруда. Бүгін Олимпиада ойындарының күміс медалінің жүлдегері дзюдошы Елдос Сметов жоба аясында өзі оқыған мектепте ашық сабақ өткізді, деп хабарлайды khabar.kz.
Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов әлеуметтік жобаға қатысқан әріптестерінің пікірлеріне қосылды.
"Бұл балаларды спортпен таныстыратын әлеуметтік жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өзімнің туған мектебіме келгеніме, осындағы кішкентай жерлестеріме сабақ беруге мүмкіндік туғанына екі есе қуанамын. Балалардың көбі дене шынықтыру сабағын ұнататынын білемін, бірақ бүгін біз ерекше ашық сабақ бердік. Біз жаңа әдістерді қолданып, жаттығуларды қызықты ойын түрінде ұсындық. Бұл жаттығулар оқушылардың көңілдерін көтеріп, дене шынықтыру – спорттың және мықты денсаулықтың негізі екенін көрсетті. Мұғалімдер үшін сабақтағы әдістер олардың жұмыс тәжірибесінде пайдалануына тиімді болады деп ойлаймын", – деді Олимпиада жүлдегері.