Ташкент қаласында дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Елдос Сметов қола жүлдегер атанды. Тартысты белдесуде қосымша уақытта әдіс қолданып, вазари ұпайын алған Елдос жеңіске жетті. Жерлесіміз 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде өзбекстандық Дильшодбек Баратовпен татамиге шығып, басым түсті.
Осылайша, жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов Қазақстан қоржынына екінші медальді салды.
Ал, бүгін 7 қазан күні татамиге ерлерден Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) шығады. Ал әйелдерде Гауһар Ирмағамбетова (52 келі) сынға түседі.
Әлем чемпионаты 6-13 қазан аралығында өтеді. Онда еліміздің атынан барлығы 17 спортшы қатысады. Оның 9-ы ерлер, 8-і әйелдер арасында сынға түседі.