Электр энергиясы мен тауарлық газ бағасын төмендету туралы бұйрықтар бекітіледі

1192

Электр энергиясы мен тауарлық газ бағасын төмендету туралы бұйрықтар бекітіледі

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкіметтің кезекті отырысында электр энергиясы мен көмір тарифтерін түсіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Еске салсақ, мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында электр және жылу энергиясына қолданыстағы тарифтерді қалыптастыру, сонымен қатар энергетика қызметтері нарығындағы бағаның түзілуіне бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың жұмысы мәселелері талқыланған еді.

Қанат Бозымбаев мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес энергетика министрлігі электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объективті деңгейін белгілеу бойынша жұмыстарды аяқтап жатқанын мәлім етті. Өткен аптада атқарылған жұмыстың алдын ала нәтижелері жұмыс тобының қарауына ұсынылды. Оның отырысына президент әкімшілігі, бас прокуратура, мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Отырыс барысында электр энергиясына арналған шекті тарифтердің ұсынылған деңгейі талқыланды.

"Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінің 25 пайызын құрайды. Энергетика министрлігінің тәсілі қолдау тапты", — деді министр.

Бұдан басқа, Жұмыс тобының отырысында қуат тарифінің шекті шамасын (1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңге шамасына дейін) төмендету қажеттігі туралы мәселе ұсынылды. Бұл түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуді қамтамасыз етеді.

Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, отырыстың нәтижелері бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми ұстанымы алынды. Бұл критерийлерді анықтайтын тиісті бұйрық жобасын осы күннің соңына дейін келісу және тіркеу үшін әділет министрлігіне енгізуге мүмкіндік береді.

"Біз осы аптаның соңына дейін қуатқа жаңа тариф мөлшерін бекітуді болжап отырмыз. Бұл биылғы жылғы желтоқсанның бірінші онкүндігінде орталықтандырылған сауда-саттық өткізуге мүмкіндік береді. Сауда-саттық нәтижесі бойынша энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына  шекті тарифтері бекітілетін болады", — деді энергетика министрі.

Сонымен қатар, Қанат Бозымбаев екі аспектінің маңыздылығын атап өтті: электр станциялары үшін "кем дегенде" ағымдағы көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап,  көмірді тасымалдау құнын төмендету; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтерді ағымдағы шаманың деңгейінен төмендету.

Тауарлық газ бойынша, энергетика министрлігі тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген бұйрық жобасын әзірледі. ҚР ЭМ бағалауынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті көтерме сауда бағасын төмендету — тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 12-22%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта министрлік тұрғындар үшін жылу және электр энергиясын өндіретін отын-энергетикалық кешендерге тауарлық газдың бөлшек сауда бағаларын есептеу арқылы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінен шекті көтерме баға деңгейін растауын күтіп отыр.

Энергетика министрлігінің шекті көтерме газ бағасын төмендетуіне байланысты табиғи монополияларды реттеу комитеті электр станцияларға газдың бөлшектік бағасын төмендету жөніндегі тиісті бұйрықтар қабылдайтын болады.

Электр энергиясының және тауарлық газ бағасын төмендету шаралары энергетика министрлігінің тиісті бұйрықтарын бекіту түрінде 01.01.2019 жылдан бастап өз күшіне енеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу