2035 жылға қарай электр қуатын өндіретін нысандардың тозуын 15%-ға төмендету үшін тарифтерді белгілеу тәсілдерін өзгерту қажет, бұл салаға жыл сайынғы инвестицияны 3 есеге арттыруды талап етеді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді.
"2035 жылға қарай энергия өндіретін қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету үшін, тарифтерді белгілеу тәсілдерін трансформациялау қажет, бұл жыл сайынғы инвестицияны 3 есе арттыруды талап етеді", – деді Ақшолақов.
Министр бұл шараларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылатынын айтты.
Ақшолақов энергетикалық кәсіпорындар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін инфляция деңгейіне индекстеуді көздейтін болжамды тарифтік саясат қажет деп санайды.
"Бүгінде электр энергиясы нарығына салынған инвестицияны қайтару үшін бөлінетін қаражат көлеміне лимит белгіленді. Қазіргі таңда ол 32 млрд теңгені құрайды және 100 млрд теңгеге ұлғайтуды талап етеді. Сондай-ақ инвестиция ағынын қамтамасыз ету үшін электр энергиясы нарығындағы қазіргі тарифті айына 1 МВт – 590 000 теңгеден 885 000 теңгеге дейін арттыру керек", – деді Энергетика министрі.