Уақытша шектеулер аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі теңгерімді тарифтік саясатты іске асыруды жалғастырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Негізгі басымдық – халыққа түсетін жүктемені барынша азайту, инфляциялық қысымды тежеу және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету болып қала береді.
Тарифтік саясат, ең алдымен, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуге, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге және апаттардың алдын алуға бағытталған.
Мүмкін болатын өзгерістер нүктелік әрі қалыпты сипатта болады. Әрбір шешім тек объективті және экономикалық тұрғыдан негізделген факторлар негізінде қабылданады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап электр энергиясына арналған шекті тарифтер 2025 жылғы деңгейде өзгеріссіз сақталады.
Айта кету қажет, 2025 жылғы желтоқсанда Энергетика министрлігі 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясының шекті тарифтерін бекітіп, оларды 2025 жылғы деңгейде тұрақтандырды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жанар-жағармай бағасы нарықтық қағидаттар негізінде қалыптасады. Сонымен қатар, Үкімет халық мүддесін қорғауды басым бағыт ретінде сақтай отырып, бағалардың күрт әрі негізсіз өсуіне жол бермейді.
Жағдай тұрақты бақылауда: елде жанар-жағармай тапшылығы жоқ, қажетті қорлар толық көлемде қалыптастырылған. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар, салалық ведомстволар және нарық өкілдерінің қатысуымен жедел мониторинг штабтары жұмыс істеуде.
Олар күн сайын баға деңгейін, жанар-жағармайдың қолжетімділігін және жеткізу логистикасын бақылап, кез келген ауытқуларға жедел әрекет ету және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жүргізуде.