Электр энергиясының жоспарлы импорты қалай жүзеге асатыны айтылды

436

"ЖЭК бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы" республика бойынша электр энергиясын бірыңғай сатып алушы болып белгіленген.  

Электр энергиясының жоспарлы импорты қалай жүзеге асатыны айтылды Фото: inbusiness.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Мәжілісте өткен комитет отырысында елдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Биылғы 1 шілдеден бастап аталмыш мекеме күн сайын "ЭҚРҚО" АҚ орталықтандырылған сауда-саттықтың электрондық алаңында орталықтандырылған сауда-саттық жүргізу арқылы отандық электр станцияларынан бір тәулік бұрын электр энергиясын жоспарлы сатып алуды жүзеге асырады. Сауда-саттық алдағы тәуліктің әр сағатына түрлі тарифтер қалыптастыра отырып өткізіледі", - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бірыңғай сатып алушы бәсекелестік жағдайлардың оң нәтижесін көрсеткен.

"Бірыңғай сатып алушы іске қосылғанға дейін электр энергиясын сатып алу электр станцияларымен екіжақты шарттар жасасу арқылы жүзеге асырылды. Осыған сәйкес, аффилиирленген энергиямен жабдықтаушы және энергия өндіруші ұйымдар тарапынан алыпсатарлық әрекеттер туындады. Бұл сатып алушылардың арзан электр энергиясына тең қолжетімділігінің болмауына байланысты нақты бәсекелестік үшін тең емес жағдайлар туғызды", - деп жалғастырды спикер.

Қазақстанның электр энергиясына деген қажеттілігін отандық энергия көздері есебінен жабу мүмкін болмаса, электр энергиясының жоспарлы импорты іске асырылады, деп нақтылады министр.

"Бұл тұтынушылардың электр энергиясына деген сұранысын электр желілерінің өткізу қабілеті шегінде толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Импорттық электр энергиясының құны барлық көтерме тұтынушыларға біркелкі бөлінеді. Жоспарлы импорт мемлекетаралық ағындар сальдосының ауытқуын барынша азайтуға септігін тигізді", - деді Энергетика министрі.

Еске сала кетейік, осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату модельдері іске қосылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу