Электр қуатын өндіруші және жеткізуші компания арасында дау шықты

909

Маңғыстау облысында "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" және  "Allianceenergosnab" компаниялары арасында дау шықты.  

Электр қуатын өндіруші және жеткізуші компания арасында дау шықты

Салдарынан электр қуатын өндіретін монополист мекеме екеуара жасалған келісімді бір жақты бұзды. Енді бірнеше жыл халыққа қуат көзін жеткізіп келген мекеме нарықтан шығып қалуы ықтимал.  

          "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" пен "Allianceenergosnab" арасында 3 жылдай бұрын жасалған келісімшарт бір күнде тас-талқан болды. Себеп-жеткізуші компанияның "МАЭК-Қазатомөндіріске" берешек қарызға белшесінен батқаны.  

 "Біздің қарызымыз "МАЭК-Қазатомөндіріс" ЖШС 3,5 млрд тг. Ол қарыз қайдан пайда болды? Ол, біріншіден, бізге Маңғыстау облысы әкімдігі, мемлекеттік, бюджеттік мекемелер 1,5-2 млрд тг қарыз. Ақтау электр желілері мекемесінің 200 млн тг берешігі бар. Су тұщыту зауыты 353 млн тг-ден астам қарыз. Соның салдарынан құрбан болып отырмыз",-дейді "Allianceenergosnab" ЖШС директоры Гүлжан Әлімбаева

Бір қызығы қарыздың тең жартысын мемлекеттік мекемелер төлемей отыр. Оның зардабы компаниядағы 142 жұмысшыға тиді. Сондықтан да олар наразылыққа шығуға мәжбүр болды.

 "Зейнетақы қорына тиісті ұқаражат аударылмай жатыр. Медициналық сақтандыруға да қаржы бармаған. Кеше жергілікті әкімдікке бардық. Қыркүйектің 20-на дейін шешіп береміз деген еді. Бірақ жағдай әлі белгісіз. Бала күтімімен демалысқа шыққан аналар бар. Әлі күнге ақшасын ала алмай отыр. Зейнетақы қорына қаржы аударылмаса, біз бала күтіміне қажетті төлемді алмаймыз",- деп мұңын шақты жұмысшы Галя Қалжанова.

1 қыркүйектен бастап электр қуатын жеткізу –"Маңғыстау жарық" мекемесіне жүктелді. Серіктестік басшысы бұл- әкімдік, монополист мекеме мен "Маңғыстау жарықтың" құйтырқы әрекеті деп санайды. Үшеуі бірігіп нарықтан шығаруды көздейді-міс. Өйткені даулы мәселе қозғалған жиналыстың бірде-біріне серіктестік өкілі шақырылмаған.  Ал, жергілікті әкімдік өкілі болса, мұндай әрекетке халықты жарықсыз қалдырмау үшін қадам жасағандарын алға тартты.  

Маңғыстау облыстық энергетика және ТҮКШ басқарамасының басшысы Бердібек Қартбаев:

-"Маңғыстаужарық" мекемесі толықтай барлық қызметкерлерді өз мекемесіне алатын болып келістік. Бірде-бір қызметкер жұмыссыз қалмайды. Бұл - басты мәселе. Қойған талабымыз осындай.. Екінші талап-олардың жалақылары сол деңгейде сақталады,- деді.

Қазір "Allianceenergosnab"-тың есепшоты бұғатталған. Екі компания арасындағы дауға нүктені сот қояды.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу