Электр самокаттардың жылдамдығына қатысты талаптар қайта қаралуы мүмкін

165

Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді. 

Электр самокаттардың жылдамдығына қатысты талаптар қайта қаралуы мүмкін Фото: sxodim.com

Электр самокаттардың қозғалыс ережелері қайта қаралуы ықтимал, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның айтуынша, бұған дейін депутаттар жергілікті әкімдіктерге самокат қозғалысына қатысты ережелерді өз бетінше белгілеу құзыретін беруді ұсынған. Мысалы, жексенбі күндері саябақтарда самокатпен жүруге тыйым салу немесе көлік көп жүретін көшелерде самокат қозғалысын белгілі уақыт аралығында шектеу сынды ұсыныстар қарастырылған. Алайда бұл бастамалар қолдау таппаған.

– Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік үшін маңызды еді. Бірақ депутаттар қолдамады. Бұған қоса, самокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салу ұсынысы да айтылған. Бірақ бұл норма да қабылданбады. Агрегаторлар самокаттардың сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен қозғалатынын айтып, жылдамдықты шектеуге уәде берген. Алайда іс жүзінде ешқандай шектеу қойылған жоқ. Бұл – жауапкершіліктің жоқтығы, – деді Лепеха.

Оның айтуынша, агрегаторлар мен жалға беруші компаниялардың нақты жауапкершілігін күшейту қажет.

Еске салсақ, 2023 жылғы тамызда жол ережесін бұзған самокат жүргізушілеріне айыппұл салу тәртібі күшіне енді. Жаңа заңнама бойынша, жолдың жүріс бөлігінің оң жиегімен жүруге рұқсат берілгенімен, бірқатар талаптар қойылды:

  • Жүргізуші кемінде 18 жаста болуы керек;
  • Кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс;
  • Қорғаныс шлем киюі міндетті;
  • Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын белгілер тағу қажет;

Тротуармен немесе жаяу жүргінші жолымен қозғалған жағдайда – жылдамдық 6 км/сағ-тан аспауы керек.

Сонымен қатар, заңда мопед, велосипед және басқа да шағын электр көлік құралдарын жүргізушілерге қатысты құқықтар мен шектеулер нақты бекітілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу