"Астана-Энергия" АҚ-ның даму жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Олег Уткин жылыту маусымына дайындық жайлы айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Оның сөзіне қарағанда, қазір екінші жылу электрцентралында 4 энергетикалық қазан мен 4 турбина бар. 2018–2019 жылға жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр.
"Станцияда 214 мың тонна көмір қоры бар. Көмірді жеткізу туралы келісімшартқа жыл басында қол қойылғандықтан, құрылғыларды жөндеуден өткізуде, көмір жеткізуде ешқандай қиындық тумауға тиіс", — деп сендірді Олег Уткин.
Оның айтуынша, қазір станция 330 мегаватт электр қуатын өндіреді.
"Жылудың 70 градусы 7,5 кг қысыммен диспетчер “Астана-Теплотранзит” кестесі бойынша қалаға кетеді. Құрылғылар жоспармен жөндеуден өтіп жатқандықтан, жылыту маусымына дейін бәрі толық дайын болмақ", — деп түйіндеді Уткин.