24 наурызда шамамен сағат 07:30-да Шығыс Қазақстан облысының Ақтоғай кентінен "KAZ Minerals" ЖШС-нің 4 қызметкері Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына электр беру желісін тексеру үшін қызметтік автокөлікпен жолға шыққан. Мамандар бір күн бойы байланысқа шықпаған әрі олардың қай өңірде жүргені беймәлім болған.
25 наурызда құтқарушыларға мамандардың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 25 наурыз күні таңертең 5 бірлік техника көлемінде "KAZ Minerals" ЖШС күштері мен құралдары жіберілді. Сондай-ақ іздеуге Қарағанды қаласының "Балапан" авиациялық оқу орталығының тікұшағы мен ұшағы және жоғары өтімді техникамен Балқаш қаласының ТЖБ жедел тобы тартылды.
26 наурызда сағат 16:40-та Балқаш қаласы ТЖБ жедел тобы ұсынған координаттар бойынша тікұшақ экипажы жоғалған автокөлікті Саяқ кентінен солтүстік-батысқа қарай 110 шақырым жерден тапты.
Көлікте 1 адам болған. Қалған 3 адам көліктен шамамен 5-6 шақырым қашықтықтан табылыпты. Олар көмек сұрауға сол маңайдан елді мекендерді іздеу үшін жаяу шыққан көрінеді. Олардың көліктері иен даладағы жолда сазға батып, оны шығара алмай қалыпты.
Екі тәулік далада қалған мамандарды Балқаш қаласына жеткізген. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
Арайлым Еркебаева