Электронды кітаптардың сапасы сын көтермейді

521

Ұлттық электронды балалар кітапханасы порталын ашу қажет. 

Электронды кітаптардың сапасы сын көтермейді

Мәдениет және спорт министрлігі 2007 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында ашқан Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы kazneb.kz порталындағы цифрландырылған электронды кітаптардың сапасы сын көтермейді. Бұл туралы сенат  депутаты Рысқали Әбдікеровтің үкімет басшысы  Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында айтылды.

Сенатор атап көрсеткендей, порталдағы электронды кітаптардың 3D нұсқасын оқу қиын, мәтіндер анық емес, кейбір аудио-кітаптар мүлдем ашылмайды.

Рысқали Әбдікеровтің айтуынша,

порталдың сегменті әдебиеттің 60 мыңнан астам электронды көшірмесін қамтиды. Оның ішінде балаларға арналған электронды кітаптар саны 5 551 дананы құрайды. Кazneb.kz порталында елімізде шығатын барлық басылымдардың электронды нұсқасы  жарияланбайды. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі шығаратын мектепке арналған пән кітаптарының электронды нұсқалары толық қамтылмаған. 

"Бүгінде еліміздің кітапхана қорында 112 миллионнан астам басылым бар, олардың тек 1,5 миллионға жуығы ғана электронды нұсқада. Бұл – кітапхана қорының жалпы көлемінің небәрі 1,3%. Республика бойынша 3 940 кітапхананың 1 892-сі, яғни 48% ғана интернет желісіне қосылған. Бұл әрине жеткіліксіз, әсіресе, қазіргі қашықтан оқыту жағдайында. Сондықтан балаларға арналған жеке Қазақстан Ұлттық электронды балалар кітапханасы порталы ашылса – нұр үстіне нұр болар еді. "Осыған орай "Кітапхана ісі туралы" заң жобасын әзірлеуді; Балаларға арналған Қазақстан Ұлттық электрондық балалар кітапханасы порталын ашуды; Қазақстанда басылып шығарылатын барлық жарияланымдардың міндетті данасының электрондық нысанын kazneb.kz порталына жолдау бойынша нақты жүйесін қалыптастыруды; Кітапханаларды Брайль қарпі, үлкейтілген қаріп, сондай-ақ заманауи цифрлық және ДЭЙЗИ (DAISY) нысанындағы кітаптармен жеткілікті түрде қамтамасыз етуді қарастыруыңызды өтінеміз", – деді сенатор.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу